Өтінім қалдыру

Жан басына қаржыландыру бойынша жеке семинар өткізуге өтініш

Мемлекеттік және жекеменшік: бәсеке, сапа және білім

Мемлекеттік және жекеменшік: бәсеке, сапа және білім

Мемлекет басшысы айтқандай, қазақстандық озық білім беру жүйесін қалыптастыру оның ұйымдастырушылық-экономикалық тетіктерін реформалаудан басталды. Бұл басқару тәсілдерін өзгертуді де қарастырады. Еліміздегі 2016-2019 жылдарға арналған білім берудің жаңартылған бағдарламасында жан басына шаққандағы нормативті қаржыландыру әдістемесі мен ережесі күшіне енді. Ол 2013 жылдан бері орта білім беру саласында апробациядан өткен болатын. Онда жұмыскерлерге еңбекақы төлеу шығындары, жұмыс берушінің салық, зейнетақы, әлеуметтік аударымдағы жарналары және оқу мен ғимарат ұстау, кеңсе, шаруашылық тауарлары, құрылыс материалдары, жуу және дезинфекциялық құралдарын сатып алу іспетті ағымдағы және коммуналдық қызметтерге, байланыс пен интернетке жұмсалатын шығындары да ескерілген. Сонымен қатар инклюзивті білім беруді ұйымдастыруға арналған шығындар, қосымша күрделі қаржы шығыны, техникалық және кәсіптік білім беру бойынша дуалды білім беру шығындары қамтылған.
Таяуда қалалық білім басқармасының ұйымдастыруымен "Орта білім беруді жан басына қаржыландыру" жобасының таныстырылымы өтті. Таныстырылымға "Қаржы орталығы" АҚ президенті Асқар Ибрагимов және Шымкент қаласы мектептерінің директорлары қатысқан болатын. Басқосуда А. Ибрагимов әр оқушы басына қаржы мектепке бөлінетіні және оның тиімді тұстарын атап өтті. Қаржы орталығы басшысының айтуынша, қазіргі таңда бүкіл әлемде білім беруге ресурсттарды бөлудің «ақша оқушының соңынан жүреді» тәсілін қолдану, яғни, сұраныс негізінде қаржыландыру әлдеқайда дұрыс болып саналады екен.
– Ол әдетте «қаражатты жан басына бөлу» немесе «нормативтік-бюджеттік қаржыландыру» деп аталады. Бұл қаржыландыру тетігінің мәні қаржыландыру көлемі ең алдымен оқушылар санына байланысты бөлінеді дегенді білдіреді. Басқа сөзбен айтқанда, бөлінетін қаражаттың көлемі оқу орнының әрбір оқушыға берілетін білімнің тиісті сапасын қамтамасыз ету қажеттілігіне сәйкес келеді,– дейді қаржы орталығының басшысы.
Асқар Ибраимовтың сөзінше, бұл жобаны енгізбес бұрын халықаралық тәжірибелер қарастырылған. Сондықтан мұны жаңа жүйе емес, білім беруде жасалып отырған жаңа қадам деп атау керек. Себебі бұл жоба әлемде танымалдыққа ие.