Өтінім қалдыру

Жан басына қаржыландыру бойынша жеке семинар өткізуге өтініш

Жан басына қаржыландыру және оқытушыларға үстеме ақы төлеу: ҚР-да мектепте білім беру сапасын арттыру мақсатында қандай шаралар қабылданып жатыр

Жан басына қаржыландыру және оқытушыларға үстеме ақы төлеу: ҚР-да мектепте білім беру сапасын арттыру мақсатында қандай шаралар қабылданып жатыр

Мемлекет басшысы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында білім беру жүйесін одан әрі дамытуға ерекше көңіл бөлген. Президент мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі жақсартуды, сондай-ақ орта білім беру жүйесінде негізгі тәсілдердің орындалуына баса назар аударуды тапсырды.   Тапсырмалар қалай орындалып жатқаны мен ҚР Білім және ғылым министрлігі 2018 жылы не іс атқарғаны туралы PrimeMinister.kz шолу материалынан оқыңыздар. Мектепке дейінгі білім беру: 4К дамыту Еске сала кетейік, Президент Қазақстан халқына Жолдауында ойлау негіздері, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттер, жаңа дағдылар сонау бала кезден қалыптасатынын атап өтті. Білім беру ісінде 4К моделіне: креативтілікті, сыни ойлауды, коммуникативтілікті дамытуға және командада жұмыс істей білуге басты назар аударылуда. Білім және ғылым министрлігінде мәлімделгендей, 2018 жылғы қазанда Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты бекітілді. Стандартта балалардың бойында әлеуметтік дағдылар мен өздігінен үйрену дағдыларын дамыту талаптары қарастырылған. Бұдан өзге, балалардың туылғанынан бастап 3 жасына дейін әлеуметтендіру міндеттерін іске асыруға, әлеуметтік дағдылар мен өз бетінше үйрену дағдыларын дамытуға бағытталған Стандарт талаптарын ескере отырып, әлеуметтік дағдылар мен өз бетінше үйрену дағдыларын дамыту жөніндегі бағдарлама әзірленіп, бекітілген. Мектепке дейінгі мекемедегі педагог пен отбасындағы және мектепке дейінгі ұйымдағы ата-ананың жетекші рөліне көңіл бөлінген. Балаларды әлеуметтендіру деңгейі бойынша баланың туылғанынан 3 жасына дейін оның психоәлеуметтік дамуының негізгі кезеңдері қарастырылған. Бағдарлама балалардың бойында өзара әрекеттесу, бейімделу, жеке тұлға ретінде қалыптасу, қоршаған ортаға адамгершілік қатынасын дамыту (отбасыға, қоғамға, табиғатқа), қауіпсіз жүріс-тұрыс негіздері бойынша әлеуметтік дағдыларды қалыптастыруды қамтамасыз етеді. Бағалау жүйесі критерийлерді (бала белгілі бір әрекеттерді жасайды, не істеп жатқанын түсінеді және өзі жасай алатын әрекеттерді жасайды) пайдалана отырып, балалардың әлеуметтік даярлық, көшбасшылық, толеранттылық пен өз бетімен үйрену деңгейін бағалауға мүмкіндік береді. Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде кішкентай балалардың бойында табысты, сенімді және позитивті болашақ оқушыға қажетті әлеуметтік дағдылар мен өздігінен үйрену дағдылары қалыптасады.   Орта білім беру: реформаларға басымдық беру Жолдауда мектеп білімін реформалаудың қорытынды кезеңі туралы айтылған. Қазақстанда Білім мен ғылымды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңартылған мазмұнда білім беру процесі жүріп жатыр. Оған 2017–2018 оқу жылында 1, 2, 5, 7 сыныптар көшірілді. 2018 жылғы 1 қыркүйектен бастап жаңартылған мазмұнға 3, 6 және 8 сынып оқушылары көшті. ҚР БҒМ мәліметтері бойынша, бүгінде балалардың 73% білім берудің жаңартылған мазмұнымен қамтылған (2016 жылы – 12,6%, 2017 жылы – 43%). Үш жылда педагогтарды жаңартылған мазмұн бағдарламалары бойынша курстардан өткізу 75% құрады. 208 мың мұғалім жаңартылған мазмұн бойынша сабақ бергені үшін үстеме ақы алады. 2015–2016 оқу жылында 1-сыныптарда, 2016–2017 оқу жылында 2, 5 және 7 сыныптарда, 2017–2018 оқу жылында — 3, 6 және 8 сыныптарда жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламалары мен оқулықтар апробацияланды. 2018–2019 оқу жылының 1 қыркүйегінен бастап апробация 30 пилоттық мектеп негізінде 4, 9 және 10 сыныптарға жүргізіліп жатыр. Әрбір тоқсан сайын жаңартылған мазмұнды енгізудің аралық қорытындылары шығарылады. 30 пилоттық мектепте жиынтық сыныптар саны — 143. Апробацияның жалпы қорытындысы 2018–2019 оқу жылының соңында шығарылады. Бұған қоса, табысты мектептерді ынталандыру жүйесін құру үшін жан басына нормативтік қаржыландырудың жаңа моделі әзірленіп, апробациялануда. Аталған модельдің жаңашылдықтары: 1. ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жан басына шаққандағы нормативтің жекелеген мөлшерін белгілеу; 2. экологиялық нәубет және радиациялық қауіп аймақтарында тұратын жұмысшыларға мемлекеттің әлеуметтік кепілдіктерін қамтамасыз ету мақсатында тиісті қосымша төлемдердің шығындарын мөлшерлеу; 3. педагогикалық әлеуетті ынталандыру арқылы білім сапасын арттыру үшін ынталандырушы компонентті енгізу; 4. мемлекеттiк қаражаттарды неғұрлым тиiмдi және ұтымды пайдалану мақсатында елеулi нақты контингентi бар оқушылар саны көп мектептер үшiн түзету (азайту) коэффициентiн енгiзу; 5. мектептердің материалдық-оқу базасын нығайту және дамыту арқылы білім сапасын жақсарту үшін күрделі сипаттағы шығындарды мөлшерлеу. Жан басына шаққандағы норматив білім беру деңгейіне және оқыту ерекшеліктеріне байланысты 16 түрде ұсынылған (түзету сыныптары, үйден оқыту, инклюзивті білім беру). Аталған модель 7 өңірдің (Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Шығыс Қазақстан, Түркістан облыстарының, Астана және Алматы қалаларының) 43 мектебінде апробациялануда және оны Қаржы министрлігі, әкімдіктер, пилоттық мектептер, «Атамекен» ҰКП аса тиімді әрі дұрыс деп бағалаған. Бүгінде Астана қаласының 80 мемлекеттік және 8 жекеменшік мектебі жан басына нормативтік қаржыландыруға көшті. Бұған қоса, 6 өңірдің (Астана және Шымкент қалалары, Ақтөбе, Алматы, Маңғыстау, Түркістан облыстарының) жекеменшік мектептерінде 6 мың орынға жан басына қаржыландыру қағидаты бойынша мемлекеттік тапсырыс орналастырылған. ҚР БҒМ ақпаратына сәйкес, «шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын» формасында жан басына қаржыландырумен бірқатар мектептің жұмыс істеуіне мүмкіндік беру үшін заңнамаға өзгерістер енгізілген. Бұл орта білім беруде жан басына нормативтік қаржыландыруды тиімді іске асыруға, бюджет қаражаттарын пайдалы әрі тиімді жұмсауға жағдай жасауға ықпал етеді. Пилоттық мектептерде жан басына қаржыландыруды апробациялаудың аралық нәтижелері оқушылардың үлгерімін жыл сайынғы бақылау көрсеткіштерінің жақсарғанын көрсетті: 2013 жылғы 54 балдан 2017–2018 оқу жылында 61,9 балға дейін жақсарды. ҰБТ-ның орташа көрсеткіші 71 балдан 77,1 балға дейін өсті. 2017–2018 оқу жылында байқаулар мен жарыстардың жеңімпаздарының, жүлдегерлері мен лауреаттарының үлесі жалпы қатысушылар санының 21,5% құрады (2012–2013 оқу жылында — 18%). Жан басына қаржыландыру көлемі аясында мектептерде оқу және материалдық-техникалық базаны ішінара нығайту мүмкіндігі пайда болды. Спорт құрал-жабдықтары, оқушы жиһаздары, оқу тақталары, көрнекі құралдар мен оқу материалдары, музыкалық аспаптар сатып алынды.

Дереккөз: https://primeminister.kz/kz/news/obrazovanie/17648